Пятница, 26 апреля, 2024
Басты бетЖаңалықтарЕсенқұл ақын атынан тағы бір сынып ашылды

Есенқұл ақын атынан тағы бір сынып ашылды

Ел еркесі атанған Есенқұл Жақыпбековтің де өмірден өткеніне келер жылы 10 жылдың жүзі болады екен. Қайран уақыт-ай, десеңізші зулап өтіп жатқан. Кеше ғана арамызда жүріп, барлық адам баласын бауырындай көрген дара тұлғаның өмірден ерте өткені бүкіл қазақ баласына ауыр тиді. Арғысы Атырау мен бергісі Алтай аралығынан «Есағаны іздеп келіп едік» дейтін жандарды көргенде біз расында жанымызда жүрген жақсы адамдардың қадірін білмейді екенбіз-ау деп ой түйіп жүретінбіз. Иə, олай айтуға да себеп жоқ емес. Себебі Есенқұл ағамызды Алматының студенттерінен бастап өзге де өнер иелері жиі іздеп, редакциямызға бас сұғып тұрушы еді. Біз сол жанның сол бір сəтте қадірін білмеген екенбіз…

Десек те, ақынның өзі өмірден өтсе де, артынан өшпес мұрасы өлеңдері қалды. Оның өлеңдерін жас ұрпақ жаттап, дəріптеп жүргені көз қуантады. Тіпті, аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Есенқұл оқулары» атты арнайы жыр мүшəйрасы да өтіп жүр. Бұның өзі ақынға деген зор құрмет деп білеміз.

«Арғы атамды сұарасаң Абай, Жамбыл,

Өрт Махамбет өз ағам абайлап жүр…», – деп жырына қазақтың бар ақыны мен батырын қосқан Есағамыздың бұл күндері атынан «Есенқұлтану» сыныптары ашылып, дəстүрге айналып келеді. Барыс жылының басында Қарғалы ауылындағы «Дарынды балаларға арналған мектепте» «Есенқұлтану» сыныбы алғашқы болып, облыс көлемінде ашылса, жуырда, яғни, сəрсенбі күні «Ұзынағаш ауылындағы орта мектебінде» аудан көлемінде тағы да бір «Есенқұлтану» сыныбы ашылды.

Есенқұлтану сыныбының ашылуына ақынның жары Меңсұлу Нағашбекқызы, ақынның туған інісі Бақыт Жақыпбеков, аудандық білім бөлімінің тəрбие жəне қосымша білім беру əдіскері Əлия Зейноллаева, аудандық ұстаздар кəсіподағының төрайымы Сəния Бижуменова, аудандық мəслихат депутаты, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Балжан Досалы қатысты.

Іс-шарада ақын атына берілген сыныптың лентасын мəртебелі меймандар салтанатты түрде қиған соң, сынып ішіне кіріп, кішігірім мұражай үлгісінде жасалған сыныпты тамашалады.

Сыныптың ашылуына келген қонақтарға мектеп оқушылары Есенқұл Жақыпбековтің поэзиясынан үзінділер оқып, ақын өлеңдерін əуелете шырқады.

Өз кезегінде салтанатты шараға келген қонақтар Есенқұл Жақыпбеков туралы естеліктерін айтып, өткенге бір көз жүгіртіп, сыныптың ашылуына үлес қосқан мектеп ұжымына алғысын білдірді.

 Бұл игі бастаманы қолға алған мектеп директоры Раушан Əсетқызы Ермұханова: «Біз Есенқұл ағамен ұстаздық қызметті бірге атқардық. Ол кісінің бойындағы дарыны кез келген жанда кездесе бермейтін құбылыс еді ғой. Көз алдымызда жүргенде шынымен бағалай алмаппыз. Өмірден өткен соң өкінішпен еске алып, естеліктер айтып отырамыз. Есаға өмірден өтсе де, оның есімі өнерін бағалайтындардың, жыр сүйер қауымның жүрегінде қалды. Біз өз арамыздан шыққан ақынымызға қандай сый-құрмет көрсетсек те жарасар еді. Себебі, ол кешегі Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетəлілердің ізбасары еді ғой. Өмірден өткеніне биыл 9 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында ақынның атына не көше, не мектеп атауы берілмепті дегенді құлағымыз шалып жүретін. Сол сөздерді естіген соң біз де ақынның алдындағы азаматтық борышымыз болсын деп арнайы сынып ашуды жөн көрдік. Сөйтіп, мектебіміздің арнайы бір бөлмесін Есенқұл Жақыпбековтің қолданған заттарымен, қойын дəптерлерімен, суреттерімен жəне кітаптарымен толықтырып кішігірім мұражай іспетті сынып ашуды қолға алдық. Бұл игі бастаманың басы-қасында мектептің қазақ тілі мен əдебиеті пəні мұғалімі Раушан Құсайынова жүрді. Көп іздену мен зерттеудің нəтижесінде Раушан Дəуітханқызы керемет дүниелерді жасауға өз септігін тигізді. Алдағы уақытта бұл мектепке Есенқұл ағамыздың аты берілсе деген ұстаздар қауымы атынан өтініштілектер айтылып жүр. Сол ұсынысымыз қабыл болса, біз шын қуанар едік», – деп өз сөзін тамамдады.

Жиын соңында мектеп ұжымы ақынның жары Меңсұлу Нағашбекқызына қазақы дəстүрге сай иығына қамзол жауып, сыйқұрмет көрсетті.

Расында, Жетісудың желмая ақыны Есенқұл Жақыпбековтің есімін осы білім ордасы еншілесе екен деген ұстаздар қауымының да өтініш-тілектері өте орынды. Себебі, бұл мектеп Есенқұл ақынның өзі өмірінің соңына дейін тұрған қара шаңырағының жанында орналасқан. Əрі осы жерде ақын ағамыз бағыт-бағдар беріп, өнерге баулыған бір топ балғындарды жинап, өзен бойында өнерлерін тамашалап, өлең айтқызатын, доп та ойнататын. Тарихи сəттің куəсі болған мектепке тарихи тұлғаның аты берілсе құба құп. Оны енді алдағы уақыт еншісіне қалдырайық. Ол күннің ауылы да алыста емес деп ойлаймыз.

Елдар ЖАҚЫПБЕКОВ.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments