Конституциялық қағидаттар – жер қатынастарын реттеудің берік негізі
Жер – елдің байлығы, халықтың тіршілік көзі, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын баға жетпес мұра. Қазақ халқы үшін туған жердің қадірі қашанда ерекше. Кең байтақ даламызды көздің қарашығындай сақтау, оның табиғи байлығын тиімді пайдалану және келер ұрпаққа аман жеткізу – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан жерге қатысты мәселелердің Қазақстан Республикасының Конституциясында айқын көрініс табуының маңызы зор.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 8-бабының 3-тармағында: «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін», – деп көрсетілген. Бұл норма жердің халық игілігі екенін және оны пайдалану заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылуы қажеттігін айқындайды.
Конституцияның 8-бабының 2-тармағында меншік құқығын жүзеге асырудың да маңызды қағидаты бекітілген. Атап айтқанда, меншікті пайдалану қоғам мен мемлекет мүддесіне сай болуы, қоршаған ортаны қорғау талаптары сақталуы және өзге тұлғалардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірмеуі тиіс. Демек, жер учаскесіне меншік құқығы немесе оны пайдалану мүмкіндігімен қатар, жерді ұқыпты әрі мақсатқа сай игеру жауапкершілігі де қатар жүреді.
Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі – жер ресурстарын ұтымды пайдалану, жер учаскелеріне қатысты құқықтарды заң аясында рәсімдеу және жер заңнамасының талаптарының сақталуын қамтамасыз ету.
Қазақстан Республикасының Жер кодексі жер қатынастарын реттеудің негізгі құқықтық тетіктерін белгілейді. Осы заңнамаға сәйкес жер учаскелерін беру, олардың нысаналы мақсатын айқындау, жерге құқықтарды тіркеу және жерді пайдалану мен қорғауға қатысты өзге де мәселелер белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Жер қатынастары бөлімінің қызметінде азаматтар мен заңды тұлғалардың жер мәселелеріне байланысты өтініштерін қарау, жер учаскелеріне құқықтарды рәсімдеу жөніндегі жұмыстарды заңнама шеңберінде жүргізу және тұрғындарға қолданыстағы талаптар бойынша түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру маңызды орын алады. Бұл бағыттағы жұмыстың басты мақсаты – жер қатынастарындағы заңдылықты сақтау, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға ықпал ету және жер ресурстарын жауапкершілікпен пайдалануға жағдай жасау.
Жердің құнарын сақтау, оның нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылуына мән беру, бос жатқан немесе тиімсіз игеріліп жатқан аумақтарға қатысты заң талаптарын ескеру – жер ресурстарын басқарудағы маңызды міндеттер. Әсіресе ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді игеру, елді мекендердің жер қорын жоспарлы пайдалану және аумақтардың реттелген дамуына жағдай жасау ұзақ мерзімді маңызға ие.
Сонымен қатар әрбір азамат жер учаскесіне қатысты өз құқықтары мен міндеттерін білуі қажет. Жерге меншік құқығын немесе жер пайдалану құқығын рәсімдеу кезінде заң талаптарын сақтау, қажетті құжаттарды белгіленген тәртіппен дайындау және жердің нысаналы мақсатын ескеру құқықтық түсініспеушіліктердің алдын алуға көмектеседі.
Жер – тек экономикалық ресурс емес, ол елдің азық-түлік қауіпсіздігіне, ауылдардың дамуына, халықтың әл-ауқатына және қоршаған ортаның сақталуына тікелей әсер ететін құндылық. Сондықтан оны пайдалану барысында бүгінгі қажеттілікпен қатар, болашақ ұрпақтың мүддесін де ескеру маңызды.
Конституцияда бекітілген жерге қатысты қағидаттар жер ресурстарына деген жауапкершілікті арттырып, заңдылық пен қоғамдық мүдденің сақталуына негіз болады. Жерді қорғау, тиімді пайдалану және оның қадірін түсіну – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Жеріміздің байлығы – елдігіміздің тірегі. Оны сақтау мен ұтымды пайдалану – бүгінгі ұрпақтың келешек алдындағы аманаты.
Жамбыл ауданының Жер қатынастары бөлімі


