Суббота, 23 ноября, 2024
Басты бетРухани жаңғыру«Көсіле шапқанның бəрі көкпаршы емес»

«Көсіле шапқанның бəрі көкпаршы емес»

Көкпар – қазақтың қанына сіңген қасиетті өнер. Қалың нөпірді қақ жарып барып дода ортасынан серкені суырып шыққан көкпаршыны көргенде делебесі қозбайтын қазақ бар ма? Есте жоқ ескі заманнан қалған бұл ұлттық спорт түріне бүгінде екінің бірінің шамасы жете қоймаса да, оның шындалып өсуге тигізетін септігі мен тəрбиелік маңызын ескермеуге бола ма? Біле білсек, осыдан мыңдаған жылдар бұрын айбыны асқақ көк түрік қағандығы тұсында алдыңғы шептегі «дербес жасақ» осы көкпар ойындарынан ысылған сарбаздардан құралған екен. Ендеше, көшпенділер ұрпағына сонау ықылым замандардан жеткен көне құндылықтың қазіргі жай-күйі қалай? Осы сауал төңірегінде ұлттық ат спорты түрлерінің аға жаттықтырушысы ҚЫРҒЫЗБАЙ Нұрым Орынтайұлына бірнеше сұрақ қойған едік.

Нұрым Орынтайұлы, аймақтағы ат спортының қазіргі жағдайы, аяқ алысы қалай?

– Бұл ұлттық спорт түрі бүгінде қамқорлыққа мұқтаж. Жалпы өңірде ұлттық спорт түрлері 2011 жылы қолға алынды. Алғашқыда Алматы облыстық «Үшқоңыр» құрама командасы құрылып, жүлделі орындарға ие болдық. Бұдан соң командалық жұмысты жетілдіруге талпындық. Аталған құрама 2011-2017 жылдар аралығында ересектер мен жасөспірімдер арасындағы көкпар ойындарының қола, күміс жүлдегері атанды. Сондай-ақ, біздің құрама команда Қазақстан чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді. Бірақ 2017 жылы белгісіз себептерге байланысты облыстың құрама командасы өз жұмысын тоқтатты. Алайда көкпарға қызығушылық танытып жүрген Жамбыл ауданы жастарының басын біріктіріп, аудандық «Намыс» құрама командасын құрдық. Оларға көкпар тартысының ережесі мен қыр-сырын үйреттім.

Қазіргі уақытта құрамада 12 көкпаршы бар. Олар көкпардан бөлек, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу жəне жамбы ату сияқты т.б. спорттық ойындарға қатысып, шыңдалуда. Сонымен қатар, қазіргі уақытта «Намыс» құрама командасы бірнеше ауданаралық байқаулардың жеңімпазы атанды. Соңғы жылдары ат спортына əуес азаматтардың қатары көбейгені көңіл қуантады.

Жалпы, мықты жылқы мен епті шабандоз бабында болуы үшін не істеген жөн?

 – Көкпарға келгелі біраз нəрсені үйрендім, көп сырға қанықтым. Атқа мінгеннің бəрі бірдей шабандоз емес. Себебі атқа мінудің де өзіндік əдіс-машығы бар. Бабаларымыз ат үстінде шыңдалудың қыр-сырын терең меңгерген ғой. Көкпар тартқан жігіттің бұлшық еті басынан бастап бақайына дейін қозғалады.

Құрамаға алынатын азаматтар алдымен іріктеледі. Ынтасы мен ебі бар жігіттерді таңдаймыз. Көпшілігі көкпарға қызығып, бала күнінен ат жалын тартып мінгендер.

 Расында, көкпар – рухы мықты жігіттердің қолайына лайық тартыс. Ат пен шабандоз бір-бірін түсініп, сын сəттерде үйлесім табуы керек. Сондықтан көкпаршының шеберлігіне қарай ат таңдалады.

 Жалпы құраманың бетке ұстар жүйріктері болады. «Құлсары», «Байторы», «Жауынгер» атты додада шыңдалған жылқылар 2017 жылы ұлттық құрама сапында топ жарды. Жүйріктер бабында болуы үшін оларға жемшөп өлшеніп беріледі. Жаттығу үздіксіз өткізіліп, бақыланады.

Көкпарға көбіне 7 жасқа толған, сүйегі бекіп толысқан аттар таңдалады. Осы кезге дейін көкпарға жергілікті тұқымдар тартылған еді. 2018 жылдан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұлттық ат спортына деген қолдау артты. Соның нəтижесінде көршілес қырғыз елінен «аралас қанды» жылқы түрлері əкелінді. Бұл аттардың ерекшелігі тəрбиеге тез көнеді. Сондай-ақ, Алтай аттары да көкпарға бейім. Ал, өзге өңірлерде өтетін сайыстарға жылқыны апару үшін арнайы көліктер бөлінеді. Бұл да аса маңызды. Себебі, ат көлікте 6 сағаттан артық тұрмауы керек. Жылқылардың еті мығым, сүйегі мықты, өзі кеуделі, омыраулы, екпіні қатты, жылдам əрі жүйрік болғаны жөн. Сондай-ақ, серкені жерден іліп алуға икемделгіш болуы да өте маңызды.

Көкпарға семіз немесе арық ат жарамайды. Атты баптау жануарға бір уыс шөп пен жем беру емес, бұл бар ынта-жігермен атқарылатын жұмыс. Егер бабы келіспесе, жылқының бағы байланады. Жалғыз күшпен жеңіске жету де қиын, сондықтан ақылмен ойланып қарсыластың қазандығына салым сала білу екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер. Көсіле шапқанның бəрі көпаршы емес. Құраманың өзіндік тактикасы болмаса, нəтижеге жету де қиын. Біздің де бірнеше тактикамыз бар. Құрамалық құпияны жария етіп айта алмаймын.

Аудан құрамасында өнер көрсетіп, қазіргі кезде ұлттық құрама сапында жоғары жетістікке жетіп жүрген спортшылар туралы не дер едіңіз?

 – Жамбыл ауданының жігіттері бала күнінен ат жалын тартып өскендіктен, ұлттық спорт түрлерін жетік меңгерген. Ұлттық құрама сапына алынып, сырт елдерде өнер көрсетіп жүрген шабандоздардың қатарында Елдар Жиенқұлов, Қайыржан Сүлейменов, Мейіржан Мəтжан сынды нағыз сайыпқыран жігіттердің есімін атап өткен өте орынды болар еді.

– Ұлттық спорттың қай түрі кенже қалып жатыр деп ойлайсыз?

– Ежелден елге таныс бəйге, көкпар, қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ, қазақ күресі, тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойындар өз деңгейінде дəріптеліп келеді. Дегенмен, мыңдаған жылдық тарихы бар, бірақ өткен ғасырда ұмыт болып, тəуелсіздік алғаннан кейін қайта жанданған спорт түрлері де бар. Ауданда ат спорты белсенді дамып, түрлі жарыстар ұйымдастырылып, жағдай жасалғанымен, өзге аудандардан шабандоз шығуы бəсең. Осыған байланысты барлық ауданда ат спорты бөлімшелері ашылса, құба-құп болар еді. Себебі, қазақ – ат жалында өскен халық. Кез келген қазақ баласының атқа икемделуі оңай. Көршілес Өзбекстан мен Қырғызстанда ұлттық спорт түрлері айтарлықтай дамыған. Ипподромдар салынып, жылқылар сатып алынады. Нəтижесінде, жоғары деңгейдегі жарыстар өткізуге, мықты спортшылар дайындауға мүмкіндік мол. Айта кетерлігі, ҚР Ұлттық ат спорты қауымдастығы тарапынан ұлттық спорт түрлерінің дамуына қолдау көрсетіліп, Алматы облыстық «Үшқоңыр» құрама командасы қайтадан құрылса, құба-құп болар еді. Қазіргі таңда Жамбыл аудандық «Намыс» құрама командасы көптеген сайыстарда көсіле шауып, ата дəстүрді жалғастырып жүргені көңілге демеу.

 – Əңгімеңізге көп рахмет. Сіздерге тек сəттілік тілейміз! Сұхбаттасқан: Əйгерім ƏБУ

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments