Среда, 27 ноября, 2024
Басты бетРухани жаңғыруҚЫМЫЗДЫҢ ҚҰДІРЕТІ

ҚЫМЫЗДЫҢ ҚҰДІРЕТІ

Қазақ халқы жылқыны киелі жануар санап, қастерлеген. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Атқа міну мəдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі… Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дəуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды», – деп атап өткен еді. Расында, жылқы малын ерттеп мінсең – көлік, сіңімді еті – тіл үйірер тағам, балдай қымызы – шипалы сусын жəне дертке дауа. Қазақ халқының бір ғасырлық тарихын басынан кешірген жыр алыбы Жамбыл бабамыз:

…Үйірілген сары алтындай сары қымыз,

Ауруға – ем, сауға – қуат, дəрі қымыз.

Елімнің баяғыдай сүйген асы,

Шығаршы тағы нең бар, кəрі қымыз, – деп жырлағаны соған дəлел емес пе?! Бүгінде қымыздың емдік қасиеті медицинада дəлелденген. Төрт түліктің төресін күтіп баптап, қымыз ашытуды кəсіп еткен Жамбыл ауылының тұрғыны Бұршақбаев Дəурен Болатұлымен ұлттық сусынның қасиеті жайлы əңгімелескен едік.

– Қымыздың қасиетіне байланысты ел арасында түрлі ырым-тыйымдар сақталған. Соның бірі – ішілмей қалған қымызды төгіп тастау, күнə саналған. Қымыздың құрамында адам ағзасына қажетті көптеген дəрумендер бар. Оның бұлай болу себебі де белгілі. Жылқы малының тазалығы мен құнарлы шөпті таңдап үзіп, өзіне тəн ерекше қасиетін сақтауында.

Көктем келіп, бие құлындаған уақытта алдымен «қымызмұрындық» дəстүрі бойынша үлкендердің батасын аламыз. Əрі қарай қымыз ашытуға кірісеміз. Биенің ашытылмаған сүтін саумал дейді. Саумалдың өзі көптеген ауруға ем. Қымыз адамның физикалық жағдайын жақсартып, күш-қуат береді. Тəбет ашатын қасиетке ие. Қымыздың бабы пісу мен сапыруға байланысты. Бабы келген қымыздың дəмі бал татып, қасиеті арта түседі. Қымыз сақталу уақыты мен сапасына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Бал қымыз, сірге жияр қымызы, уыз қымыз, сары қымыз сынды бие малының жасына байланысты атаулары да өзгере береді. Ол өкпе ауруларына, қан айналым жүйесіне, құрт ауруларына жəне жалпы иммундық жүйені жақсартуға бірден бір ем, – деді Дəурен аға бізбен əңгімесінде.

Қымыздың емдік қасиеті медицина саласында дəлелденгенін айттық. Енді соны тарқата баяндасақ, ашыған қымыз бүйрек пен бауырдың жұмысын жақсартып, қан айналымын реттейді. Буын аурулары мен жүйке жүйесі, бас жəне бауыр аурулары, ұйқының қашуы, асқазан-ішек жаралары сияқты созылмалы ауру түрлерінің алдын алу мен оны емдеуде ерекше қасиетке ие. Сонымен қатар өкпе туберкулезі мен жүрек қан тамырлары аурулары мазалаған науқастарға антибиотиктермен байланыстыра отырып, емшаралар жүргізуге болады.

Ертеректе аналар шала туған сəбиді бие сүтімен өсірген деседі. Демек, оның пайдасы ана сүтінен кем емес екендігін көрсетеді. Осы қымыздың пайдалы қасиеті оның сақталу жолына да байланысты. Сабада сақталған қымыз емдік қасиетін жақсы сақтайды. Дəурен Болатұлы саумал, қымыз ішуге келген адамдарға алдымен дəрігерге қаралып, тиісті талдама тапсыруға кеңес береді екен.

– Дəрігерлер қандай да бір емшара жүргізбес бұрын талдама тапсыртатыны секілді мен де келушілерге үнемі сол əдісті ұсынамын. Сонда əрбір адам өз денсаулығында қандай өзгеріс болатынын байқай алады. Қымызды алғаш ішкенде іштің өтуі қалыпты жағдай. Сол арқылы ішкі ағза тазарады. Айта кету керек, қымыз, саумалды балық өнімдерімен бірге тұтынуға болмайды.Бұл денсаулыққа кері əсер етуі мүмкін, – дейді ол. Қымыз ішкенде адам оны өзінің дене салмағына қарай ішкені өте маңызды. Яғни, салмағыңыз жоғары болса, көбірек ішкен пайдалы.

Қорыта айтқанда, көшпелі өмір салтын ұстанған ата-бабаларымызға мың алғыс! Асау жылқыны қолға үйрету, құлынды биеден саумал сүт алу, одан дəмді сары қымыз даярлау əдісін ұрпақтарға жеткізгеніне тəубе етуіміз керек. Жəне осындай құнды ұлттық өнімді сапалы дайындау əдістерін ұрпаққа аманаттау, қазақтың сусыны қымызды ұлттық бренд ретінде əлемдік нарыққа шығару қажеттілігін түсіндіру, енді біздің парызымыз. Сөз соңында ата кəсіпке адалдығын жоғалтпаған Дəурен Болатұлының пайдалы игі ісіне тек сəттілік тілейміз.

Жанайым ƏБСƏМЕТ,

Ə.Мəми атындағы орталау мектебінің 9-сынып оқушысы.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments