Жамбыл – ұлттық ділімізден ажыратып қарауға келмейтін, қазақ халқының тағдыр-талайына ғана тән бірегей құбылыс.
Жамбыл – орта ғасыр инквизициясының әз-әзіл іздегіш ымырасыз танымының ауылынан алыс қонбаған большевиктік ілімнің тікелей құрбаны.
«Жамбыл туралы жазу қиын» деп еді әдебиетші ғалым. «Өмірінің қайшылығы жөнінен Жамбыл қазақ ақындарының ішінде аса күрделі тұлға», – дейді мінез-құлқы мен әрекеті арқылы ортаға сыйымсыз саналатын, талғам-танымы өзгешелеу қалыптасқан ақындардың бірі. Бастапқы сөз төркінінен аңдайтынымыз, Жамбылдың шыққан тегі мен өскен ортасын көрнеу олқы тұтатындыққа қоса, оның өлеңдері шу дегеннен тым қаражаяу көрінетіндігінде жатыр ма дейсің. Ал қайшылығына жүгінудің сырында кеңестік дәуірде тоқсандағы қарияның марапатшыл одашылдыққа ұрынғандығын меңзейтін ниет бұғып тұрғанын байқайсың. Күні бүгінге дейін ол жөнінде орныққан дұрыс пікірлермен қатар, айықпастай асқынған дертті ұғымдардың көптеп ұшырасатынынан кереғар көзқарастардың бітіспес қақтығысын көреміз. Жамбылды суқаны сүймейтіндердің ең басты қоятын кінәсі – есек мініп, ел кезіп, тентіреп жүрген жаман бір шалдың кездейсоқ ауызға ілініп, атының тарихта ардақталып қалуы ақылдарына сыймай әлек қылатын сияқты. Содан да ол турасында пәлелі-жалалы әңгімелерді өршітіп қана қоймай, оған деген мүсіркеу пиғылдарын туындатуға әуестік бар. Содан да Жамбылдың «рухани кембағалдығын» дәлелдеуге күш салушылық әредікте көзге шалынып қалады. Билік құзырына құлдық ұрып тұруға бейім ділімізге бірөңкей ақ немесе бірөңкей қара түсті көруге үйреткен большевик идеологиясына келіп қосылған соң одан бетер жетекке ергіш, айтаққа еліккіш халыққа айнала түскенімізді несіне жасырамыз. Жамбылды қазақ қара сөзінің ұлығы Мұхтар Әуезов жақсы көрді екен деп былай жалт беру де жарамас, қазіргі ақсақал жазушымыздың бірі жек көреді екен деп олай сылаң етіп шыға келу де болмас. Өкінішке орай, мұндай қасиет бізде әлі бар. Шығармашылық тұлғаны танып, бағалауда керек десеңіз, басынан бақайшағына дейін ақсүйек ғұрпында тәрбиеленген Толстойдың да жаза басып, жаңсақ кеткен тұстары жоқ емес. Бірақ орыстың зиялы қауымы Толстой айтты екен деп біреуден жеріп, келесісіне бүйрегі бұра қалмайды. Жамбылды зерттеушілердің ғылыми-теориялық дайындығы көп жағдайда алпысыншы, тіпті, одан да арғы жылдардың деңгейінде қалып қойғандықтан қорытқан тұжырымдамалары бүгінгі шындыққа сәйкес келе бермейді. Кешегі бағалау мен рухани құндылықтарға деген бүгінгі көзқарастардың арасында жер мен көктей айырмашылықтар пайда болды. Сөйте тұра, Жамбыл жөнінде қалыптасқан ғылыми тұжырым күні өтіп кеткен посткеңестік жүйеде қалса да өңін айналдырып жіберіп, бүгінгі тұғырнамаға күштеп салуға тырысып бағады. Билеуші құрылысқа бұлайша иек артып, соған қарай көзқарастарды лезде құбылтып, лезде айнып шыға келгіш жарамсақ пиғыл Жамбыл әруағын әлі талай жапа шектіріп, нақақтан-нақақ қиянатқа ұрындыра беретіні сөзсіз. Жамбылға қызғыштай ара түсіп, өбектеп қорғаштаудың орнына, ниеттестікпен түсініп қараудың өзі ұлттық мұраны саралай ұғынудың мәдениетін қалыптастырады.
Жамбыл қайшылығы, тегінде, шығармашылық өмірбаянында жатыр. Өз уағындағы ауқатты жуандармен тиіп-қашып араласқан ол ұлы жиындар мен ақындық сайыстардың үстінде ғана саңлақтанып шыға келетін көрінеді. Сол кездегі қоғамның жоғарғы тобына жататындардың бір-бірін тең санайтын өзара демократиялық ахуалы Жамбылдың пайдасына қарай шешіле бермеген тәрізді. Тайпалық намыс қорғалатын тұстарда ғана ескеріліп, былайғы уақытта көптің бірі боп еленбей жүре беретін көрінеді. Сапарғали Бегалиннің Жамбыл аузынан жазып алған естелігіне қарасақ, Құлмамбетпен болған атақты айтысында Құдайберген болыс бәйгеге тігілген ақшаны қалтасына салып алып, «Жамбыл жеңді» деп атып тұратынын айтады. «Жеңді деген атақ менікі болғанымен, ақша аналардың қалтасында кетті», – дегенді Жамбыл ащы мысқылмен есіне алады екен. Демек, бұл жағдайлар оның ар-намысына тиіп, ішкі қорыну сезімімен жекпе-жек қалдырып, өзімен-өзі тайталасқа түскенінің куәсіне жүреді. Тағы да Жамбыл қарабайыр тіршіліктің күнделікті ағысында шаруаға қырсыз, тұрмысқа икемсіз болғанын көзкөрген адамдардың көбі растайды. Жамбылдың ақындығын місе тұтпаушылық пиғылды орнықтырушы күштің бірі Абаймен бақталастырудың байырғы амалына апарып саятыны бар. Ал оның ғылыми негізінің жоқтығына тоқталып жатудың өзі артық.
Кез келген ұрпақтың кейінгіге деген аталық парызы мен қалдыратын өсиеті болатыны белгілі. Бұл тұрғыда Жамбыл жөніндегі ғылыми дұрыс түсінік қалыптастырып, рухани мұрамыздан оның алатын орнын осы бастан лайықтауға күш салғанымыз абзал. Дей тұрғанмен, қазақ нәсілі үшін «жиырма екінші ғасырдың ортасында Жамбыл есімі атала ма, аталмай ма» деген сауалға тәуекелің жетіп жауап беру оңай емес. Жүз елу жылдан кейінгі жағдайда қазақтың ұлттық келбеті қалай өзгеретіні де белгісіз. Сондықтан да бұл сәуегейлікке барғызбайтын, ұрпақтар алдында жауапкершілігі зор, аса жүрексіндіретін жағдай. Оның өзі ұлттық ділімізді жапон жұртынша мәңгілікке сақтап, ата-бабалық салт-сананы өміршеңдікпен жаңғырта алып, жаңаша тұжырымдамаларды берік орнықтырудың берекесіне тікелей байланысты шара. Қазір озық тұрған халықтар өткен ғасырларда жасалған құндылықтарынан бүгінгі күнге сәйкестендіретін көкейкестілік іздеп әуреге түсіп жатпайды. Тек ұлттық құрметке бөлеп, қадірлеп-қастерлеудің кәдесін ойластыруға оңтай тұру ыңғайы байқалады. Рухани тұрғыдан есеюдің бізге осындай сатысынан өту кезегі тұрған шығар, бәлкім? Сөйте тұра, 150 жылдан кейін Жамбыл ақынға қандай орын, қандай құрмет лайық? Демек, Жамбыл біздің жыл санауымыздан бұрын VIII ғасырда өмір сүрген Гомер сынды мәңгілік құбылыс. Көне дүние өкілі уақыттың буалдыр сағымынан мұнартатын анық-қанығы мәлімсіз рухани сұлба ғана. Ғылыми-техникалық дамудың алғашқы баспалдағында өмір сүрген Жамбылдың бір отырыста дәуірлік кезеңді жырлап бере алатын құдіретінің құпиясында әрқашан өзіне тартып тұратын магнит өрісі бардай. Алайда, Жамбыл өз ұрпағына фольклорлық сананы аманаттаушы ғана емес, кәсіпқой шығармашылық иесіне тән өмірлік материалды іріктеп, сұрыптай алатын парасатын да танытады. Жамбылды тұрақты зерттеп жүрген әуесқой ғалымның бірі ақынның өз қарсыластарына қарағанда икемділік танытып, қолма-қол образ ашып кете беретіндігін айтады:
Ноғайбай мырза шіренген,
– Домбыра алған бұл кім? – деп.
Теріс көзбен қарады,
Танып тұрып танымай,
Екі көзі жеп барады.
Жамбыл реалист. Әлеуметтік жағынан өзі кішік, Ноғайбайдың асқақ екенін де жасырмайды. Және бұл мысалға алынған жолдар жайшылық жағдайда айтыла салса елемей өте беруге де болар еді. Бұл Сарбас ақынмен болған айтыс үстінде баяндалған оқиға. Ақынның тап осы сәттегі шыншылдығы қазақ айтысының ғұрпынан бөлектеу. Бұл жерде Ноғайбайды кінәлап жатпастан, оның жөнсіз тәкаппарлығын диалог арқылы ұтымдылықпен ашады. Абыройының үстемдігін тоңмойын пайдаланатындығын «танып тұрып танымағандығы» арқылы дәл бейнелей біледі. Мұнда тағы Жамбыл болмысының пенделік осалдықтың сынасы емес, сызаты да түспейді. Жалпы, оның жаратылысында тағдырына налып, өктемдікке кектеніп, соның қарымтасын қайтаруға тырысатын ұсақтық ұшыраспайды. Тегінде, ірі суреткерге ғана тән мұндай қасиет Жамбылға қайдан бітіп жүр? Бұған нақты жауапты тағы да оның өмірбаянынан аламыз. Ақындықтан басқа кәсіппен айналысып көрмеген ол қоңыртөбел тұрмысқа біржолата мойынсұнып, билік жүргізуші топқа, ықпалды күштерге басыбайлы болмауға тырысып бақты. Тағдырына кезіккен талай қиын сындардан сүрінбей өтуінің сыры да бөлекше. Оны алайда қазақы көнбістіктің төңірегінен іздестіру жамбылдық қазынаның құпиясына бір жақты үңілу болып шығар еді. Бала кезіндегі мінез-құлықтарының бір түрлілігі өз ортасына түсініксіз көрсетіп қана қоймай, сыйымсыз ожарлыққа дейін апарғанға ұқсайды.
Жапаның үйіне алыстан бір топ қонақтар келіп, бас тартылар кезде Жамбыл алып қашып кетіп, сайдың ортасына апарып өзі жейтін. Немесе нағашы ағасы Қанадан қобызшының үйіне күй үйренуге бара жатып өзінен-өзі аттан сап, пора-порасы шығып жылайтыны секілді тосын қылықтары түсініксіз. Әлгі қылығының себебін сұрағанда: «Екі жағымнан екі арлан келіп талады», – деген екен. Бұл Жамбылдың көкірек-көзі халықтың аңыздарымен ашылғанын көрсететін жағдаят. Қазақтың ата салтында өнерді кие тұту бекзаттығы бар да, бірақ әрбір ұлттық жоралғыны жапондықтарша концептуалды дәрежеге көтеріп, әлемдік ауқымға шығара алмай қалады. Айталық, ақындыққа бет бұрғанын ауыл-аймақ түгел білсе де, Жамбылды бұл жолда орнықты деп мойындай қоймайды. Себебі, оған әлі Сүйінбай батасын бере қойған жоқ болатын. Бұл рухани шараның қазақ үшін маңызы қазіргі мемлекеттік дәрежедегі басты-басты құжаттардан бір мысқал кем еместігін көреміз. Бұл орайда Сүйінбайға жүктелетін жауапкершілік өз алдына ұзын-сонар әңгіме. Ол ең бірінші өнердің киесіне жолықпауды ойлап, кім көрінгенге батасын бермейтіні аян. Баяғыда бас қосқан сайын ауыл қариялары: «Жәкең жарықтық ақындық жөнінен ешкімге батасын бермей кетті», – деп отыратын еді. Балалық сана сол кездің өзінде Жамбылдың мұнысын өзімшілдікке қимай, онда мүлде басқаша сыр барын топшылайтын сияқты еді. Демек, ол көптеген құпияны өзімен бірге алып кетті деген ұйғарымға еріксіз келесің.
Жамбылдың тұрақты жырлайтын тақырыбы – бостан сүйгіштік ой-арман. Ата-бабалық аманат ретінде оны кейінгіге мүлтіксіз жеткізе алады. Өзінің жасы ұлғайып, асып-төгіліп барып арнасына түсіп, ақындығы баяулай бастаған кезінде тап болған Қазан төңкерісін елге келген жақсылық деп ұқты. Жамбылдың шығармашылық қасіреті осылайша ақыл-ойының кемелденген шағында емес, ғұмыр мезгілі екіндіге қарай ауып, күні ұясына батып бара жатқанда басталды. Тоталитарлық жүйе тоқсандағы қаудыраған шалдың рухани қайта түлеудегі феномендік құбылысын дер кезінде байқап, өз мүддесін күйттеген бағытқа қарай бұрып жіберіп отырды. Сонысы үшін Жамбылды кінәлау білместік. Алайда, осы білместіктің кесірінен Жамбылға деген дұшпандық қатайып, оны құбыжық қып көрсетуге деген ниет байқалады. Оның бүкіл шығармашылығына байыппен көз жүгіртіп қарасақ, ең әуелі кәдеге жаратпауға бейіл тұрғандарда сол баяғы бір білместік қана жатқан жоқ. Жамбылдың ақындық қуатын көрнеу елемеуге тырысатын қараулық та бар. Сүйікті жайлауы Майтөбемен оңаша отырып сырласқан сәттегі айта жөнелген өлеңінің құйылысындағы оқшаулыққа көз салып қаралықшы.
Сүйінгендей нем бар еді?
Өзіңдей биік шың бар еді.
Арғы бетің ызғар еді,
Бергі бетің мұң, зар еді.
Иығыңда бай, манап,
Бауырың толған құлдар еді.
Қанша таптық тұрғыда айтылды деген күнде, Жамбылдың шежіре көкірегі өмірдің біраз сырын білетініне сенесің. Қазақ өлеңінде бұрыннан бар монолог сипатында шығарылса да, мұндағы жамбылдық сана ағысы өмірдің бетімен әшейін қалқып өтпейді. Өзінің көкейінде жүрген түйткілді сауалдардың сабағынан ұстап, тамырын жұлқып-жұлқып тартып көреді. Жамбылдың өз тақырыбына тұрақтылығы кейде ығыр ғып жіберетін сияқты. Әсіресе, айтыстарының бәрінде шу дегеннен-ақ батырлықты қалқан ғып ұстанып шыға келетіні бар. Ал бұл кейде жауға сауыт-саймансыз жалаңаш шапқанмен бірдей. Нарықтық қатынасқа қарай біртіндеп көшіп бара жатқанымызға байланысты қазір ғой, бұрын сөкеттеу көрінетін бейтаныс құбылыстарға етіміз үйреніп, көндіге бастағанымыз. Он тоғызыншы ғасырдың аяғы мен жиырмасыншы ғасырдың басында да жақсылық атаулының бәрі тұрмыстық игіліктермен өлшеніп, беймарал заман орнағандай көрінген. Ұлттың романтикалық азаттық сүйгіш сезіміне селкеу түсіп, тоғышарлық құйын үйіріп әкете бастаған кезде батырлықты қозғау аса асқақ естілмейтін дәрежеге жеткен сыңайлы. «Өткенді айтып менменсіп, көтересің көңіліңді, ол күндегі батырлар, бәрі жерге көмілді», – деген Досмағамбеттің Жамбылға айтқан уәжінен сол заманның шындығынан хабардар боламыз. Ал Жамбылдың батырлыққа табан тіреп, соның төңірегінен шықпай қоюы қарсыластар үшін Дон-Кихоттыққа бара-бар жағдай еді. Әйтсе де Жамбыл шарасыздыққа ұрынып, ыңғай сайқымазақ болды десек те қателесеміз. Ұлттың көкейіндегі мүлги бастаған батырлық сананы оятып, жаңғыртпақшы болған Жамбыл талпынысын көкірегі ояу, көзі ашық адамдар бағалай да, қолдай да білген. Соның арқасында бәсеке үнемі Жамбылдың пайдасына шешіліп отырған.
«Құлмамбетпен айтысын еске алған сайын Жамбыл өзінен-өзі мырс етіп күліп қоятын еді», – дейтін Шаштай ақсақал. Жамбыл өз кезегінде елінің байлығын тізбелеп, төпелетіп соға бастағанда Құлмамбет: «Шапырашты дегенің жойдасыз өтірікші болады екен ғой, қызталақ, соқ, соға түс», – деп, таңырқаған сыңайда басын шайқап қана тынады екен.
Сыпатайдың артында Қақаман бар,
Қақаманның артында тақамам бар.
Кіжіктің үлкен үйін көріп пе едің,
Тоқсан тұлып, алтын боз жасаған бар…
Құлмамбетпен айтысын еске алу барысында Жамбылдың аузына көбіне осы жолдар түсетін көрінеді. Көзін бір нүктеге сүзілте қадап, қулана жымиып қойғандағы пішіні көз алдыңа елестейді. Алайда, бұл жолдарды он қайтара оқысақ та, құпиясына бойлай алмай әлек болатынымыз қалай? Бұрынырақта дүниеден көшкен ауылдың Халық, Мәжен, Жұмағұл сынды қариялары да тап осы жолдарға үйірсектей беретін. Мұның сонда нендей керемет сыры бар? Құлмамбеттей жақсы мағынасындағы консерваторлық ағымның көрнекті өкіліне поэтикалық тұрғыдан лайықты жауап бере алғанына іштей сүйсінісі жатқан шығар, бәлкім.
Жамбылдың қарсыласына қолданған ақындық тактикасы әлденеше қатпарлы, о бастағы тұғырнамасы батырлық та, дәулетке сай әр түрлі кәсіпшілікті тілге тиек етіп келеді. Құлмамбетке қарағанда Жамбыл көзқарасы анағұрлым ілгері, өз уағының инфрақұрылымын алға тартуы сол заман үшін елеулі жаңалық та еді. Дей тұрғанмен, жоғарыда мысалға келтірілген жолдарда жамбылдық утопияға ұқсайтын бірдеңе бар. Кейбіреулер Жамбыл айтысының ең шұрайлы да көркемі Досмағамбетпен болған жекпе-жегі деп санайды. Бұл – Құлмамбетпен айтысының драматизмін көпе-көрнеу ескермегендік.
Он тоғызыншы ғасырда қазақ айтыс өнері Жетісу өңіріне ауыса бастағанын кезінде М.Әуезов атап көрсеткен болатын. Ол әйтсе де басқа сапаға көшкен еді. Оны кәсіпқой боксшылардың он екі раундтық жекпе-жегімен салыстырудың өзі аздық ететіндей. Өйткені, сөз сайысы барысында жалғыз ғана ақындық шеберлік роль ойнамайды, онда ойлау жүйесі, адамгершілік ұстанымдар сынды көптеген өлшемдер де жете ескерілген. Тап бұл арада Жамбылдың өмірлік көзқарасы ұлттық этикадан алшақтамайды да, ұстанған бағытынан жаңылып та қоймайды. Қарсыластарына Асанқайғы, Бұқар жырау, Балта, Шөже, Сүйінбай, Майлықожа, Құлыншақ секілді есімдерін ыңғай көлденең тартады. Бұл оның рухани парыз ұғымы географиясының бойлықтары мен ендіктері бүкіл қазақ жерін орап тұратынын көрсетеді. Айтыс ақындарының басқа бірде-бірінен мұндай қасиетті байқай алмайсың. Өзінің пірі санайтын Сүйінбайға кейде «ер» деген анықтаманы қоса кететіні бар. Онысы да тегін емес. Туыстас екі халықтың ақындары Сүйінбай мен Қатағанның айтысында Жамбылдың ұстазы қазақтың тарихи географиялық орналасу артықшылықтарын көрсетіп, мәнісін айтатын тұстар жеткілікті. Яғни азиялық қалың бояуға Сүйінбай өркениеттік реңктерді түсіріп, томаға-тұйық қалмаудың өзіндік жөн-жобасын ұсынады. Қазақты айнала қоршап жатқан көршілеріне дейін етене тұтып, атын атап, түсін түстейтіні, міне, соның айғағы. Жамбыл да ұстазының идеясын іліп әкетіп, прагматиктіктен гөрі реформаторлыққа ден қойды. Жиырмасыншы ғасыр басындағы айтыс өнерінің ерекше үлгісі – Құлмамбет пен Жамбылдың арасындағы сөз сайысы туралы әңгіме көп. Мұнда өз руының артықшылығын бетке ұстау, былай қарағанда, тым үйреншікті үрдіс. Бірақ ой көзімен үңіліп, дендеңкірей түссең, анау дейтіндей артық-ауыс қазымырлық сезілмейді. Бөлшектенудің орта ғасырлық белгілері қанша шаң берсе де, Жамбыл, бәрібір, жаңаша ойлай алатын толқынның өкілі екенін дәлелдейді.
Жүз мың теңге сандықта шіріп жатыр,
Баласы Ниязбектің Сәрсенбайда.
Құлмамбеттің байлық жөніндегі ескілікті өлшемі осындай. Ал Жамбыл бұл арада өміршең көзқарасын танытады.
Арғы шетін айтайын,
Қызылжар мен Семейден,
Мына шетін айтайын,
Ташкент пенен Наманган,
Әндіжан мен Марғұлан.
Ақша деген немеңді
Қапқа салып алдырған.
Жігіттер бар жетілген
Орыс-қазақ ұжым боп,
Тізе қосып бекінген.
Өмір құбылыстарын тап осылайша байқау үшін ең әуелі оқу-тоқу, сонан соң ақыл-ойдың талдай алатын алғырлығы керек. Жамбыл, әйтсе де, құдды бүгінгі күннің биігінен қарап: «ақша деген немеңді» деп миығынан күліп, кекетіп тұрған сияқтана береді.
Жамбыл коммунистік идеологияның «шешеніне» айнала бастаған кезде ұлттың белгілі қаһарман ұстындарының әруақтарына тіл тигізіп, бәрін қаралап шыға келді дегенге сену және қиын. Тоталитарлық жүйенің таңдауы, әйтсе де, Жамбылға тегіннен-тегін түскен жоқ. Тағдыры да, дарыны да іздесе таптырмайтын тұлғаның ең әуелі экзотикалық жағы қатты ескерілген сияқты. Діндар да тақуа шалдың сауатсыздығы іздегенге сұраған болып, соның атымен пікір таратудың айласы аярлықпен жүзеге аса бастады. Рухани қуыршақ күйге түскенін Жамбылдың қаншалықты дәрежеде сезінгені турасында деректер тым аз. Орасан феномендік құбылыс саналса да, коммунистік идеологияға деген азан шақырушылық міндеттен Жамбылдың шаршай бастағанын бірен-саран көнекөз қариялар ақырын сыбырлап қана айтатын.
Ұлы Алғадай ұрыс даласында қаза тапқан кезде республика Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы өзі бас боп кеп естірткені белгілі. Күйік үстінде отырған Жамбыл ащы әңгімеге дейін барып, бүкіл жүйеге тілі тиіп кетеді. Тіпті, көсемдерін балағаттап та жіберген. Төрағаның қасына еріп келген орыс ағайындар әлденеден секем алып қап: «Бұ кісі не деп жатыр?» деп сұраған екен. «Ұлым Отан үшін, ел үшін, Сталин үшін мерт болды, аты өлмейді» деп біреу тап сол арада аударып, дереу жуып-шайып жіберген.
1905 жылы туған перзентіне тап осы есімді қойғанына кейде таңырқайсың да. Демек, ол ұлтжандылық жағынан романтик, жаудың басты батырларының әдіс-айласын алдын-ала біліп алу мақсатында сынақ айқасқа баратындарды қазақ Алғадай деп атаған.
Жамбылдың коммунистік идеологияға деген альтуризмі ендеше жасанды. Қазақтың қалың қыртысты патриархалдық тұрмысынан шыққан адамның большевизмді жырлаған кезде бірден Маяковский мен Сейфуллиннің дәрежесіне көтеріле қоюы мүмкін емес. Ұзақ ғұмыр жолында әлде-
неше катаклизмдерді басынан өткеріп келіп, өмірінің соңына қарай үйіп-төгілген қамқорлықты субъективті тұрғыдан қабылдады. Мұны ең әуелі осы күнге дейін көрген азап-мехнатының өтеуі деп ойлады. Басына бақ қонады деген сенімге өмір бойы иек артып, қасиетті бабаларының әруақтары өзін қолдап, жебеп жүргендей сезінуі тағдырдың сұрапыл сындарынан сүріндірмей алып шыққан сыңайлы.
Жамбыл қабылдауының ерекшелігін біздің әбден заттанып, қатқылданып кеткен санамыз мөлшерлеп қана түсінеді. Ғылыми таным орасан биік өресінде тұрып, адамзат баласының сәбилік дәуіріндегі ой-қиялға үйірсектей беретіні несі? Онда баурағыш қандай керемет бар? Бұл сауалдарға әлемдік ғылыми ой мың мәрте тиянақты жауап берген де шығар. Әлеуметтік зердеміз қазір серги түскен сайын ата салттық қабылдау мен түйсінудің қайнары лайланбай таза сақталып келгеніне қайран қала түсесің. Жамбылға айналып соққан сайын оның таза шығыстық сүрлеудің соқпағында тұрып ұлттық құнарды байыта түскеніне қоса, өзіндік жаңа кеңістікке шыға бастағанын байқаймыз. Қазақтың рухани топырағындағы жамбылдық мысалға Габриэл Маркестік құбылыстың жаңғырығы жетпей жатқандай көрінеді.
Эпостық мұрамыздың телегей-теңіз молдығына қаныққан Горькийдің: «Алтын сандықтың үстінде отыр екенсіңдер ғой?» – деген сөзінің бұл орайда жаны бар. Уақыт бәріне төрелігін береді деп өзімізді қанша жайбарақат ұстағанымызбен, кез келген рухани шетін мәселеге осы күннен бастап өркениет тұрғысынан келмейінше әділет орнықпайды. Қайтадан қазақ бола бастауымыз үшін өз аңыз, ертегілеріміз бен батырлар жырын темірқазық қып ұстануымыз шарт. Және мұндайда жамбылдық факторға соқпай өте алмаймыз. «Жамбыл «Көроғлы» дастанын 15 күн айтатын еді», – дейтін көнекөз қариялар. Тап қазіргідей нарық заманында 15 күн тіпті ақылға сыймайтын жағдай көрінуі ықтимал. Мұншалықты уақыт жұртты тіршілік-харакетінен қалдырып, алдына иіріп ап жыр тыңдату үшін ең әуелі әлеуметтік кепілдік керек. Қазақ тұрмысының жайбасар ағысы бәрін көтеретін байсалды да байыпты. Ал осыншалықты идиллияға орыстың дворяндарының да, француздың маркиздерінің де, немістің барондарының да еркі жетпес еді. Большевиктік тәртіп орнатушылар біздің халықтың көкірек көзінің тұнықтығы мен қабылдау тазалығын тап басып, өркениетке сақалынан сүйреп әкелгендей бұлдануына жақсы болуы үшін Жамбыл секілді тұлғалар аса қажет еді. Эпостық санадан ажырамаған халқымыздың сәбилік аңғалдығын коммунистік тәртіп ұтымды пайдалана білді.
15 күн қатарынан тынбай жырлаудың 11 тәулігінде Жамбыл өзі баяндаған жағдайлар көз алдынан көлбеңдеп өте бастайтынын айтады екен. Жетінші, тоғызыншы емес, нақ, он бірінші күн неге солай болатынын кім білсін, шалдардың айтысы әйтеуір солай. Поляк қаламгері Парандовскийдің жазушылық лабораторияға үңіліп, суреткерлердің мінез-құлықтарын тереңдеп зерттеген кітабынан бұл сынды жайларды қисапсыз ұшырататының хақ.
Біздің ұлттық діліміздің өсіріп айтып, аңызға айналдырып жіберуге бейімдігі – Жамбылды әулие тұтып, культтік дәрежеге дейін асқақтатып әкететіні бар. Оның әсіресе көріпкелдігі хақында әңгіме ел ішінде жетіп-артылады, кезінде оны ғайбаттап қана қоймай, соңынан ақындық мұрасына шабуыл жасауға дейін барған кейбір адамдардың ақырының сәтсіз аяқталу мысалына жүгінушілік те басым. Оның көзі тірі кезінде-ақ өршіген өсек-аяң соңында қатып қалған сіреспелі ұғымдарға айналып тынды. Жамбыл тұлғасын қаралауға деген кейде астыртын диверсиялық қуатты насихат құралы жұмыс істейтіндей көрінетіні бар. Оған деген көзқарастардың кісі төзгісіздей қараулыққа ұласуының мәнісі бір ғана Кеңестік идеологияның дауылпаз жыршысы болғанында жатпаған сияқты. Абыройы асқақтап әлемге танылып кеткеніне көрнеу іштарлық жасап, аққа күйе жаға салатын жауапсыздықтарда адамгершіл нұсқаның аздығын байқаймыз. Бірақ ондайлар өздерінің тектілік артықшылықтарын алға тартар бір сұмдық бұлданыстарды жасауға әуес. Тіпті, одан да ары астамшылыққа барып, бекзадалық рухани ақсүйектік қалыптарының жанында күйкі тұғырланып көрінетін Жамбыл құдды сәндерін кетіретіндей оған деген жиреніштің ахуалын жорта орнатуға бейіл тұратын күштер де жоқ емес. Ондайларды күш деп айтуға да болмас. Өйткені, олар ешқандай да рухани мәртебелік салмақтары сезілмейтіндер. Жамбылдың аты аталса-ақ бітті, бет-аузы бырысып-тырысып қалатын бір үлкен кісінің сөзіне құлақ ассаң, оның елге қиянаты тіпті өтіп кеткен көрінеді. «Қалайша?» – деп сұрайсың ғой баяғы. «Ойбай-ау, боздақтарды соғысқа аттан, Отан қорға деп ұран тастап, бәле жасаған жоқ па?». «Мына іргедегі ауданда туысқандарым тұрады. Бара қалсаң-ақ бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай: «Жағы талмай қақсай беретін Жамбылды да құдай алмай қойды», – деп бәрі зар еңірейтін». Алматыдағы бір үлкен жиында Жамбылдың өлең айтқанын өз көзімен көрген екен. Ары-бері шайқалып, бұлғақтаған ыңғайына қарай жығылған әдеби хатшысы арасында тіпті жата қалып та жазып алуға тырысыпты. «Күңгір-күңгір көмескі үні естілмейді де. Соның ертесіне әлгі «Социалистік Қазақстан» газетінің бетіне табақтай өлең боп шыға келді», – дейді.
Бүкіл ұлттық менталитеттегі кейбір осалдықтарды Жамбылдың әруағына жауып шыға келген күнде ұтатын нәрсеміз бәрібір шамалы. Тоталитарлық жүйе біздің халықтың еркін түгел еңсеріп, құдды енді іске кірісе бастағанша бәрін Жамбыл бүлдіргендей, оған деген дұшпандықты қатайту әділетсіз болып шығады, ұлттық қоғамдық ой толысып, кемелденбеген жағдайда талдап таратушылық жағы қашанда олқы соғып жатаныны мәлім. Сырттан таңылған идеологияның құлдығына жеке-дара Жамбыл ғана жегіле берсе бір жөн. Бәленің бәрін жүзге қарай бет алған қарт адам бастағандай, жаланы түгел соның басына үйіп-төге беру жараспайтын қылық. Сол дәуірде құдайдан да жоғары қойып, Сталинді өлеңге қоспаған қазақтың ақыны кемде-кем. Міне, сол бәсекеде Жамбылдың үздік шығып, бөлекше көзге түсуі, керек десеңіз, оның артықшылығын дәлелдей түседі. Тап осы тақылеттес ойды кезінде Ғафу Қайырбеков марқұм топ жиынның алдында айтқан болатын. Міне, Жамбылға қай тұрғыдан келсек те, әділетті шешімін табар лайықты бағасын берер негіздің жатқанын көреміз. Алайда, коммунистік насихат оның ой-сана жүйесінің омыртқасынан опырып, жұлынынан шорт үзіп, бұдан былайғы ақындық жан толғанысына жасанды талшықтарды жалғап жіберді дегенге былай илана алмайсың. Өзіне деген қамқорлықты ол адал жүрек, аңғал ниетімен қабыл алғаны рас. Ажалды сағаты жеткенше ақындық жүрек соғысын тоқтатпай, ақыл-ойының шамшырағын салауатты шағындағы сияқты ақырына дейін сөндірмей өзін сергек ұстау – жамбылдық феномен.
Адамзат баласының өнер тарихында жүз жасқа келгенге шейін азаматтық белсенділігінен айрылмаған адамды өте-мөте сирек кездестіретінің хақ. Мұны тегінде, қазақ шығармашылық ойына тән ең басты ерекшелікке сайсақ, қателеспейтін сияқтымыз. Оның бастау кезінде Бұқар жыраудан ары кететін ақсақалдық салт-сана біздің ұлттық идеологиямыздың негізіне бара-бар. Ендеше, қазақтың ақылы тұнық қариялық рәсімінде тәрбиеленген Жамбылдың «алжаспайтын ми берген» деп өзі айтуында терең мән жатыр. Мұншалықты ұзақ жасаған адамда ақылынан шатасқандық белгілер сезіліп пе еді, сезілмеп пе еді, сұрастырып қарағанда, оның көзін көріп, талай дәмдес-тұздас болған қариялардың бәрі бірауыздан «жоқ» десетін. Жамбылдың әйтсе де қилы-қилы мінездерін өзге емес, өз ауылдастары да түсінбей, қаңқу сөз таратып жіберген жағдайлары да баршылық.
Беттен алып төске шаппайтын, үлкенді сыйлап, алдынан қия өтпейтін ізгілікті нормалар бойынша өсіп қалыптасқан Жамбылдың адам танушылық қасиетін көз көргендердің бәрі ауыздарынан тастамай айта беретін. «Ақсақал жарықтық тым әзілқой кісі еді, – дейді қазір тоқсан екі жастағы Әйнеке шешеміз. – Амандасуға барғанда жас демей, кәрі демей қалжыңдаса беретін». Осындай мінез-құлқының өзі Жамбылдың рухани құдіретінің сырын аша түсетіндей. «Ақсақал Мәскеуге барып келгеннен кейін біздің үйге ат басын жиі-жиі бұра бастады, – дейді Әйнеке әжеміз тағы. – Алдында біз еш күдік ала қойған жоқ едік. Бір күні есіктің алдына келіп тұрып: «Жылыстың қызы қайда, шақырыңдаршы», – деді. Әпкемізге көңілі кетіп жүргенін бірден сезе қойдық. Оған кейін өкімет араласты ма, жоқ балалары келіспеді ме, әйтеуір, ол ниетінен қайтарды-ау деймін».
Оның қартайғандағы ұнатқан әйелі өзіне қарағанда анағұрлым жас еді. Жүріс-тұрысы ширақ, өз ісіне мығым, сөзге шешен сол әйелдің бойынан Жамбыл нендей қасиеттерді тапты екен деген ойға еріксіз шомасың. Құлазулы қалпынан бір серпіліп қоймайтын, көзінің нұры өшіп, бетінің қызылы тайған сол кейуананың қараторы дөңгелек жүзінен бір кездегі жастық белгілерін ойша елестетіп көруге тырысатынбыз. Өлім табиғи процесс екені белгілі. Бірақ жарық дүниемен әркім әрқалай қоштасып жатады. Міне, сол шешеміз дүниеден өтер алдында ешкімге салмақ артпаған. Келін-кепшіктерінің бірінен әуелі иіс су сұрап алыпты. Үстіне ешкімді кіргізбестен жуынып-шайынып боп тотыдайын таранып алып жүріп кете беріпті. Осы бір жағдайды ауыл адамдары біраз уақыт әңгімеге айналдырып жүріп, артынан ұмытып кетіпті. Иә, өмірде бәрі ұмытылады. Бірақ сонда әйелдің бойынан мұндай таза тақуалықты Жамбыл қалай байқайды екен деген ой ылғи иектеп, көкейден кетпей тұрып алатыны бар.
Ауылға алғаш ЧИЗ тракторы келіп, жер жырта бастағанда Жамбыл күреңіне мініп кеп, тамашалап қарап тұрады екен. Әсіресе, трактордың дырылдағанын қоймай қызықтап, бірде күні бойы қасынан үйіріліп шықпапты. Аңызды жыртқанда бірге айнала беріп, айнала беріп, ақыры шаршап құласа керек. Ел дастарқан басына жиналып, жайғасып отырған кезде таңырқауы әлі басылмаған Жамбыл: «Ойпырым-ай, мына мақұлығың сұмдық екен ғой өзі. Жүретін де өзі, жерді айдайтын да өзі, тағы нан деп қылқылдамайды, жем деп мөңіреп тіленбейді, не деген керемет», – деп қайталай беріпті.
Ғылыми-техникалық дамудың заңдылығын кеңестік жүйе тікелей өзінің жақсылығы деп ұқтырды. Онысы асқан табысы ретінде халықты иландырып, соңына ерте білді. Сонысының өтеуін және қалтқысыз берілгендік арқылы өлшеп, өзінің атына деген мадақ-марапатты тойымсыз обырлықпен тілене түсті. Қуатты насихат құралы соған жаппай жұмыла жұмыс істеген соң, иланудың тобырлық тұрғыдағы аса келеңсіз белгілері белең ала бастады. Большевизмнің сұңғыла идеологиясы халықтың қарт өкілін жарылқай қояйын деп көңіл бөлген жоқ. Соның бейнесіндегі рухани жасаңғыраудың сирек кездесетін факторын өз мүддесіне қызмет еткізуге тырысты. Ал әлгіндей жүзге таяған адамның еліккіш қасиеті жасандылық атаулыдан ада. Халықтың ғасырлар бойына тірнектеп жинап, байи түскен тәрбиесінің шын мәніндегі зиялылыққа ұштасатын сәті сондықтан да Жамбыл болмысынан мол ұшырасады. Оның шығармашылық тұлғасына үңілген сайын оған көзің әрдайым жете түседі. Жалпы, Жамбыл жан баласын сыртынан ғайбаттамаған. Қандай жағдай болса да шындықты айтуға тырысқан. Алайда, Сталинге тең таппай қиналған тұстарын тілге тиек етуші үрдіс кезеңдік мерзімін өтеуге тиіс.
Жамбылдың жұмбақ қырлары көп. Ұлықтық дәрежеге жетсе де, өткен өмірінің қиын шақтарын ешқашан ұмытпаған. Жамбыл менмендікті әсте жақтырмаған. Өтірікке ешқашан төзбеген. Алғадайынан басқа ұлдарының бойында жігерсіздік барын да білген. Аулада тұратын бір аталас замандасы: «Жәке, Алғадайды неге соғысқа жібермей алып қалмадыңыз, оған сіздің күшіңіз жететін еді ғой», – деп сұрапты. Сонда Жамбыл: «Ол мені ұятқа қалдырмайтын болған соң жібердім ғой», – деп жауап беріпті. Ар-намыс пен ұятты Жамбыл бәрінен де жоғары қойған. Сол жақсы көретін ұлы соғыста қаза тапқан кезде:
Темір өзек пенде жоқ,
Өлмес адам елде жоқ.
Орынсыз деп өлімі,
Ондай ойлау менде жоқ, – дейді.
Тап осы жолдардан қазақтың қариялық қасиеті соншалықты үлкен жүректілікке бара алатынын аңдаймыз. Өмірдің мәнін ұғынып, қастерлеу жөнінен біздің халық ешкімнен кем де, сорлы да емес. Ешкім өлімге немқұрайды қарай алмайтыны хақ. Тіпті, Жамбыл жастау кезінде: «Кірсе лебіз – шықса жоқ, қауіп етіңдер өлімнен» деп айтқан ойы жоғарыдағы мысалға алған жолдарға мүлде кереғар. «Орынсыз деп өлімі, ондай ойлау менде жоқ» деу Жамбылдың ұлттық адамгершіл нұсқадан айырылмағандығын көрсетеді.
Жамбыл – ондаған ғасырлардың фольклорын жиырмасыншы ғасырға жеткізуші көне дәуір мен жаңа заманның арасында тұрған рухани жәдігер. Рухани жалғастықтың дәуірлік жүгін белі қайыспай көтерген ол өзіне жүктелген ұлы міндетті ақырына дейін адал атқарып, халқына аманаттап кетіпті.
Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ