Жамбыл ауданында жастардың басын қосатын дәстүрлі «JASTAR FEST» фестивалі биыл ерекше форматта ұйымдастырылды. Ұзынағаш ауылындағы орталық стадионда өткен ауқымды шараға 14 мыңнан астам көрермен жиналып, мерекелік кеш аудан жастарының басым бөлігінің жүздесуіне айналды.
Жыл сайын аудан жастары асыға күтетін фестивальдің басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, талантты жастарға қолдау көрсету, олардың қоғамдық белсенділігін арттыру, сондай-ақ жастар арасындағы бірлік пен өзара сыйластықты нығайту.
Биылғы фестивальдің ерекшелігі – оның ауқымы кеңейіп, жаңа форматта Ұзынағаштағы орталық стадионда өткізілуі болды. Кеш тізгінін белгілі журналист Әлібек Шынтемір ұстап, мерекелік бағдарламаның көркін қыздырды.
Думанды кештің шымылдығын Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ықылас Еркінұлы ашып, жиналған жастарға аудан әкімі Нұрлан Ертасұлының құттықтауын жеткізді. Ол жастардың ауданның қоғамдық өміріндегі орнына тоқталып, олардың білімге, еңбекке, шығармашылыққа және жаңашылдыққа ұмтылысы елдің ертеңі үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар, жастар арасындағы ауызбіршілік пен өзара құрметті сақтау мәселесіне ерекше мән берілді. Қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарап, елімізде орныққан «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстанудың маңызы айтылды. Себебі саналы, білімді, заңды құрметтейтін және ел алдындағы жауапкершілігін сезінетін жас буын – мемлекеттің берік болашағының негізі.
Мерекелік шара барысында аудан жастарына тұрақты қолдау көрсетіп, фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне демеушілік жасаған жергілікті кәсіпкерлер марапатталды. Сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ауданның дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген бірқатар белсенді жастарға құрмет көрсетілді.
Фестивальге жиналған көпшіліктің назарын аударған ерекше көріністің бірі – орталық стадион аспанына көтерілген алып әуе шары болды. Әуе шарының сыртында 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы туралы ақпарат орналастырылды. Бұл фестивальдің жастарды алдағы маңызды қоғамдық-саяси науқан туралы хабардар етуге бағытталған мазмұнын да айшықтай түсті.
Жастар – қоғамның ең белсенді әрі жаңашыл бөлігі. Сондықтан олардың ел өміріндегі маңызды үдерістерге бейжай қарамай, азаматтық жауапкершілік танытуы айрықша мәнге ие. Осы тұрғыдан алғанда, фестиваль ойын-сауықпен ғана шектелмей, жастардың азаматтық белсенділігін арттыруды көздеген маңызды алаңға айналды.
Кештің ең әсерлі бөлігі – мерекелік концерт болды. Үлкен сахнада елімізге танымал эстрада жұлдыздары мен жастар сүйіп тыңдайтын әншілер өнер көрсетті. Танымал әндер шырқалып, орталық стадионға жиналған мыңдаған көрермен өнерпаздарға бірге қосылып ән айтып, көтеріңкі көңіл күйге бөленді.
Жарық пен музыкалық безендіру, алып сахна, әуе шары және көрерменге арналған арнайы бағдарлама биылғы «JASTAR FEST» фестивалінің ауқымын арттыра түсті. Бір алаңға жиналған мыңдаған жастың қуанышы мерекелік кешке ерекше сән берді.
Ауқымды шараның ұйымдастырылуына Жамбыл аудандық Жастар ресурстық орталығы ұйытқы болды. Орталық тарапынан жергілікті кәсіпкерлермен байланыс орнатылып, фестивальдің өтуіне демеушілік қолдау көрсетілді. Кәсіпкерлердің туған жердегі жастар бастамаларына қолдау білдіруі мемлекеттік мекемелер, жастар және бизнес өкілдері арасындағы өзара ынтымақтастықтың жақсы үлгісін көрсетті.
Бүгінде Жамбыл ауданында жастардың білім алуына, еңбекке араласуына, кәсіпкерлікпен айналысуына, спорт пен шығармашылық бағытта дамуына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Түрлі мәдени, спорттық және қоғамдық жобалар арқылы жас буынның бастамаларын қолдау жұмыстары жалғасуда.
Осы ретте «JASTAR FEST» фестивалі де жастардың басын біріктіріп, олардың бойындағы шығармашылық қуат пен белсенділікті арттыратын дәстүрлі шаралардың біріне айналып отыр.
Ұзынағаш аспанын ән мен әуенге бөлеген биылғы фестиваль мыңдаған көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ең бастысы, кеш жастарды бірлікке, белсенділікке, заңды құрметтеуге және туған жердің дамуына үлес қосуға үндеген мазмұнды мерекеге ұласты.
Болашағына жауапкершілікпен қарайтын білімді, белсенді әрі отаншыл жас буын – мемлекет дамуының басты қозғаушы күші екені даусыз.
Б.Айталы


