Вторник, 19 марта, 2024
Басты бетӨзге айдарларШекарада оқ атылды

Шекарада оқ атылды

Шекара шебінде шекарашыларға қарата оқ атылды. Оқиға 25 тамыз күні кешкі уақытта ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Рабат» шекара бөлімшесінің сол қанатындағы учаскесінде орын алды.

Сол күні «Рабат» шекара бөлімшесі бастығының орынбасары аға лейтенант Әлішер Өтеп басқарған «Барлау-іздеу» атты шекара наряды   мемлекеттік шекараға 1,5 шақырым жердегі Батыс Кенсу шатқалында қызмет атқарып жатқан.  

Сағат тілі 16.55-ті көрсеткен кезде шекара наряды екі елдің арасын бөліп тұрған мемлекеттік шекара жақтан біздің елге қарай бет алған белгісіз адамды байқайды. Әлгі адамның қолында қару бар екені анық көрініп тұрады. Бұл да шекарашылардың күдігін қоюлата түседі. Өзінің қимыл-қозғалысына қарағанда, аң қарап жүрген шекара бұзушыға көбірек келеді. Шекарашылар қателеспеген еді. Батыс Кенсу шатқалында құрықталған азамат шынында да аңшы болып шықты. Тек, бұл туралы сәл кейінірек. Ал қазір белгісіз тұлғаны өздерінің қырағы назарларында ұстаған шекарашылар көзді ашып-жұмғанша аумақты қоршауға алып үлгерген болатын.

…Қарсы алдынан аяқ астынан пайда болған әскерилерді көрген шекара бұзушы сасқанынан өзінің келген жағына қарай тұра қашады. Жүгірісін жалғастырған күйі өзі шекара нарядына қарата оқ атады. Алайда қуғыннан құтылып кете алмайды, аға нарядшының: «Тоқта! Атамын!» деген қаһарлы бұйрығы қашқынды бір орнында шегелеп тастап еді…

Жателдікті тінту кезінде 20-шы калибрлі тегіс ұңғылы қарумен бірге 12 оқ-дәрі және дүрбі табылып тәркіленді. Құрықтау операциясы өткен аумаққа жіті барлау жүргізген шекара наряды шекара бұзушының шатқал ішінде жалғыз екенін анықтады.   Мемлекеттік шекара бұзушы «Рабат» шекара бөлімшесіне жеткізіліп, тексеру жұмыстары басталды. Ал, «Барлау-із кесу» наряды өзінің ел шебіндегі қызметін қайта жалғастырды.  

 Тамара Дәулетбаева,

ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments